Новости
5 августа 2011 13:17

Велосипед спорты. Александр Винокуров: Өз мүмкіндігімді толықтай жүзеге асырдым деп ойлаймын

«Тур де Франс» көпкүндігіне барғанымызда велоспорт әлеміне мейлінше танымал жерлесіміз Александр Винокуровпен тілдесудің амалдарын қарастыра бастадық.

Ол Ниццадағы үйінде емделіп жатыр. Ал біз велоспортшылар қайда барса, солардың соңындамыз. Сәті түсер емес. Әйтсе де соңғы кезеңдік жарыс қарсаңында Қазақстаннан барған бір топ журналиске жолсерік болып, жөн сілтеп жүрген Сергей Яковлевтің арқасында Винокуровпен де тілдескен едік.

– Александр, «спортшы ретінде велосипед ершігіне енді отырмай­мын» деп шешім қабылдадыңыз. Спорттық карьераны аламан бәйгеде мертігіп тамамдау оңай емес шығар?
– Әрине, оңай емес. Арманым Ели­сейде достарыммен үзеңгі қағыстыра қатар жүйткіп, спорттық карьерама кө­терің­кі көңіл күймен нүкте қою еді. Әрі биылғы «Тур де Франста» жай ғана жүйткіп өтпей, жеңіс тұғырына көтеріліп, осындай ерен жетістік пен қуаныш құшағында тамамдау еді. Велосипед ершігінен осылай салтанатты түрде түссем бе деп едім... Бірақ оның реті келмеді. Тағдыр маған «болды енді, қой» деп сыбырлап тұрғандай болды. Отбасыммен кеңесіп, осындай шешімге тоқталдым. Қазір бәрі де ой­дағыдай, жазылып келемін. Отбасым жанымда, достарым келіп тұрады. Бәрі де көңілімді көтеруге тырысуда. Күнде таң­ертең дәрігерлер келіп, ем-дом қолданып кетеді. Нәтиже жоқ емес. Аяғымның ісігі қайтты.

– Боксшы Майк Тайсон қолғабын шегеге ілгенде, шетелдік журналистер «өкінішті-ақ, әттең талантты-ақ еді, өз әлеуетін бар болғаны 50 пайызға ғана жүзеге асырды» деп аһ ұрды. Ал сіз өз әлеуетіңізді қанша пайызға жүзеге асыра алдыңыз?
– Мен өз қабілетімді жүзеге асыра алдым деп ойлаймын. Егер екі жылымды допинг дауына байланысты тектен-тек жоғалтып алмағанымда, бұдан жоғары жетістіктерге қол жеткізер ме едім, кім білсін. Сол екі жылымның бос кеткені болмаса, спорттық карьерама көңілім толады. Тек әлем чемпионы бола алмай кеткенім болмаса... Ол да бір арманым еді. Содан соң мәртебесі бәрінен жоғары «Тур де Франс» бәйгесінің сары жейдесін кие алмадым. Енді спорт болған соң, өкініш деген болады ғой. Онсыз болмайды. Мы­салы, 2006 жылы «Тур де Франсқа» қатыса алмадық. Әйтсе де мен өз әлеуетім мен қабілетімді толықтай жүзеге асыра алдым деп ойлаймын. Жүз пайыз болмаса да, соған жетеқабыл.

– Бәлкім, «Астана» клубын сәл ертерек ашу керек пе еді? Мен бұл жерде сіздің жалындаған жас шағыңыздың неміс клубы сапында өткенін меңзеп тұрмын. Нағыз көсіле сілтер шағыңыз бен топ жарар жылдарыңыз Ян Ульрихтің көлеңкесінде өткен жоқ па?
– Жоқ, мен «Астана» клубын кеш аштық деп ойламаймын. Ашқанымызға қуа­ныштымын. «Тәуба» деймін. Ал ашпасақ ше? Сондықтан дәл қазір «егер солай болғанда ғой, бұлай болғанда ғой» деп ойымды сан-саққа жүгірткім келмейді. Барына шүкір. Бұйырғанына қанағат. Ал неміс клубы сапында мен әбден пісіп-жетілдім, ысылдым. Тәжірибе жинадым. Яғни оның да пайдасы болды. Әрине, мен команда серкесі Ульрихке жұмыс істедім. Бес жыл өз міндетімді адал орындадым. Мүмкін, неміс командасы сапындағы (басында Telekom деп аталды, содан соң – T-Mobile) соңғы жылымда өзім де аламан бәйгелерде топ жара алар ма едім. Өкініштісі ол емес, өкініштісі – жоғарыда айтқанымдай, 2006 жылы «Тур де Франсқа» қатыса алма­ғанымыз. Сол кезде спорттық бабымда едім. Сол жылы «Вуэльта» көпкүндігін жеңіп алдым. Әлем чемпионатында қола медаль еншіледім. Болары болды, өкінетін ештеңе жоқ. Енді тек осы жоба ұзағынан сүйіндіріп, «Астана» клубы еліміздің атын шығара берсе деймін. Қазақстан талант­тарының өз мүмкіндіктерін паш ете алар сүйікті командасы болуына тілектеспін. «Астана-2» командасының құрылып жатқанына қуаныштымын. Осы командада еліміздің жас таланттары шыңдалып, «Астана» сапына өтіп жатса, нұр үстіне нұр. Бірінші кезекте өз спортшы­ларымыздың бағын ашуды ойлауымыз керек. Сол үшін еңбек етіп, ұядағы та­лант­тарды қияға ұшы­рып отырумен айна­лысу қажет.

– Қазіргі вело­спортшылары­мыздың арасынан кімді бөле-жара атар едіңіз? Кімнің болашағы зор?
– Осы жолғы «Тур де Франс» көп­күн­дігінде Андрей Зейц ерекше көзге түсті. Жетіліп келеді. Енді тек оны жақсылап тәр­­биелеп, одан әрі жетілдіре түсу керек. Александр Дьяченко деген жас велоша­бандозымыз бар. Биік тауға қарай жақсы жүреді. Бірақ оған да шүмектетіп тер төгу керек. Содан соң Ті­леу­­баев, Не­пом­ня­щий, Груздев сынды таланттары­мыз бар. Бәріне де ерінбей еңбек­тену қажет. Тоқ­мейілсіп қалмаса, осыларға Вино­куров­тан да асып түсуге болады. Тек олар өз болашақтары өзде­рінің қолдарында екенін жете түсінуі керек. Жағдай жасалып жатыр, соны пайдалану керек.

– Енді өзіңізді қандай қызметке лайықпын деп санайсыз? Қандай қызмет атқарғыңыз келеді?
– Оны басшылар шешеді. Қандай қызмет ұсынады, соған байланысты. Әзірше бұл жөнінде әңгіме қозғаудың өзі ертерек. Нақты ұсыныс түскенде, бәрі де белгілі болады.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Все самое актуальное о спорте в вашем телефоне - подписывайтесь на наш Instagram!